Қауіпсіз интернет: баламды қалай қорғаймын?

22 мамыр 2020 ж. 9335 0

Заман ағымына ілесеміз деп, бос уақытымызда интернетке арбалып, мониторға үңіліп отыратынымыз жасырын емес. Оң мен солын таныған, ақ пен қараны ажырата білетін  ересектер, дәл осы интернетке келгенде дәрменсіздік танытамыз. Ал бала қайтпек?

Дарынды жас суретші қыз бала суреттерін интернетке жүктейді. Көп ұзамай дөрекі пікірлердің көбейіп кеткені соншалық, ол суреттерді желіден жойып қана қоймай, сурет салуды мүлдем тастап кетеді. Бұл «Birge oqý» пікірталас алаңындағы «Желідегі қауіпсіз тәртіп: сұрақтар мен жауаптар» тақырыбында өткен вебинарда айтылған кибербуллингтің бір ғана мысалы.

Мектеп оқушылары оқу жылын аяқтап, демалысқа шықты. Демек олардың ғаламтор әлемінде өткізетін уақыттары ұлғая түскен. Пайдалы ақпаратпен бірге, жамандыққа итермелейтін, баланың санасын улайтын сайттардың есебінде шек жоқ.  Пікірталас алаңындағы келесі тақырып ата-аналарға баласын келеңсіз жағдайдан қорғауға үйрететін ережелерге арналды.

 Эфир қонағы Нұрсұлтан Жақыпов  бұрындары буллинг, яғни балаға қысым көрсету, үркіту, қорлау жағдайлары мектеп қабырғасында орын алған болса, бүгінде оның аясы тым кеңейіп кеткенін атап өтті. Мысал ретінде спикер оқушы қыздар арасындағы төбелестің интернетке жүктеліп, оның тез арада таралып кеткен жағдайын келтірді. Өкінішке орай, қазір жасөспірімдер арасында қорлау, қысым көрсету сәттерін видео мен фотоға түсіріп, оны желіде тарату үйреншікті әдетке айналған. Яғни бұл жағдайды олар  тек өз арасында ғана көрсетіп қана қоймай, көпшіліктің назарына ұсынады.

Тікелей эфир барысында сарапшылар ата-аналармен бірнеше кеңестерімен бөлісті. Мысалы, егер сіз балаңыздың әлеуметтік желідегі парақшасында оны мазақтау, балағаттау жағдайларын байқаған болсаңыз, ең алдымен бұл бір реттік болған жағдай ма, әлде тұрақты түрде болып тұрады ма, осыны анықтаңыз. Егер интернет-троллинг тоқтамаса, балаңызбен сөйлесіп, оның себебін анықтауға тырысыңыз. Қажет болған жағдайда оның жақын достарын да сөзге тартуға болады. Балаңызды ұрсуға, оны кінәлауға мүлдем жол бермеңіз. Ата-ана балаға дос болуы керек, оны қолдап, орын алған жағдайдан шығу жолдарын бірге қарастырыңыз.

Спикерлер, сондай-ақ желідегі жағымсыз және қауіпті контенттен сақтану жолдары туралы да айтты. Нұрсұлтан Жақыпов gerdaboot.ru парақшасының жұмысымен таныстырды. Сайтта балаңыздың өзіне-өзі қол жұмсау ойындарына қатысады ма, желіде достары қанша және олар кімдер, қауіпті қоғамдастықтарға тіркелгендігі туралы ақпарат алуға болады.  Интернеттегі құпия сөздерді браузердің өзінде емес, өзге қауіпсіз орында сақтау қажеттілігі, интернет-алаяқтар жиі қолданатын сандық іздерді қалдырмау тәсілдері де эфир барысында кеңінен айтылды.

Сарапшы Әсет Қабдығалиев интернетте қауіпті сайттарға жолықпай, қажет ақпаратты іздеу жолдарын көрсетті. Бұл ретте спикер расталмаған жалған ақпараттардың негізгі бөлігі WhatsApp желісі арқылы тарайтынын атап өтті. Өкінішке орай медиасауаттылық деңгейінің төмендігі тек өскелең ұрпақтың ғана емес, ересектер арасында кеңінен тараған мәселе. Интернетте өзіңе керек ақпаратты іздей білу - ең алдымен мессенджерлер мен әлеуметтік желі арқылы алған ақпараттың растығын анықтау үшін қажет құрал.  

Ақпаратты іздеу туралы әңгіме барысында сарапшы, барлығы іздейтін тақырыпқа байланысты екенін айтты. Іздеуді тақырыпқа сай парақшалардан бастау керек. Мысалы егер география, тарих туралы ақпаратты іздегенде беделді сайттарға көңіл бөлген жөн, мысалы -National Geographic. 

Кездесуді қорытындылай келе, модератор Айжан Аршабаева таңдалған тақырыптың ғана емес, жалпы киберқауіпсіздік тақырыбының өзектілігін атап өтті. Ол рөлдік ойындарды қолдану арқылы цифрлық өмірдің ережелерін мектеп қабырғасынан үйрететін еуропа тәжірибесін мысалға келтірді. Оқушылар мұғаліммен бірге кибербуллинг мәселесін қозғап, оны болдырмау жолдарын бірге іздейді.

Түсініктеме қалдыру