Тұңғыш Президент Қоры ҚР Үкіметімен бірге Өзгерістерді басқару саласына менеджерлерді дайындау бағдарламасын жүзеге асырады.

17 қаңтар 2020 ж. 18375 0

Бағдарлама Елбасының «Ел үміті» бастамасының аясында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, сондай-ақ, Президент  Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономика мен әлеуметтік саланы мемлекеттік басқаруға жаңа тәсілдер енгізу тапсырмасын сапалы жүзеге асыру мақсатында дайындалды. 

Бағдарламаны Тұңғыш Президент Қоры Үкіметпен бірігіп АХҚО қолдауы арқасында жүзеге асырып жатыр. Негізгі мақсат – салалық мамандарды тауып, оларды әрі қарай экономиканың түрлі салаларындағы өзгерістерді басқаруда білікті көшбасшы етіп дайындау.

2019 жылдың 27 қарашасында жастармен кездескен Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың түрлі саласында білікті мамандарды дайындаудың маңыздылығын атап өтті.

-Маман үшін басты талап – мықты білім мен жетекші компаниялардағы еңбек тәжірибесі ғана емес, сондай-ақ, командада бірге жұмыс істей алу қабілеті, қиын міндеттерді шешуде  жауапкершілікті өз мойнымен көтеріп, істі соңына дейін жеткізе білу қасиеттері өте маңызды. Бағдарлама бойынша таңдалған әрбір маман өзгерістерді басқару менеджеріне оқитын болады,- деді Елбасы. 

Мемлекет басшысы мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру міндетін қойғаннан кейін бағдарламаның өзектілігі артып отыр. Ел Президенті Қ.Тоқаев «бізге түрлі салада жаңа форматтағы басшылар командасы керек»,- деп атап өткен болатын.  

Бағдарлама қазақстандық проффессионалдарды мемлекеттік басқаруға тарту үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Сонымен бірге азаматтардың мемлекеттік аппаратпен өзара іс-қимылының жаңа форматтары ұсынылады, олар мемлекеттік қызметтегі лауазымдарға міндетті түрде тартылуы шарт емес.

Бағдарлама аясында алғашқы кезеңде 11 саланың нақты міндеттерін жүзеге асыру үшін 200 маманды тарту жоспарланып отыр. Олардың қатарында сауда және логистика, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп (оның ішінде жаңа индустрия да бар) су ресурстары, аймақтық даму және қалаларды басқару, туризм, мәдениет және спорт, білім беру, денсаулық сақтау, медиаиндустрия, геологиялық барлау салалары бар.

Бағдарламаға елді реформалау міндетін тиімді жүзеге асыруда, елдің дамуына өз үлесін қосқысы келетін мемлекеттік және жеке секторларда жұмыс істейтін, сонымен қатар сәтті тәжірибесі, кәсіби білімі бар (саланы, заңнаманы, салалық жаһандық трендтер мен ҚР мен серіктес елдердегі нарық конъюктурасын білетін әрі жақсы түсінетін) шетелде тұратын  Қазақстан азаматтары қатыса алады.

Бағдарлама қатысушылары курстар арқылы функционалдық және салалық білім алып, әлемдік институттар мен компанияларды тәжірибе жинайды.

Өзгерістерді басқару менеджерлерін даярлау бағдарламасының негізгі компонентінің бірі – қатысушыларға теориялық базадан бөлек оқу кезінде аталған салалардағы 49 мәселені шешу тапсырмасы берілмек.  

Бағдарлама қатысушыларында тікелей үкімет мүшелерімен, жетекші халықаралық сарапшылармен қарым-қатынас орнату мүмкіндігі болады. Олар тәлімгер қызметін атқарады.

Бағдарламаға ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин басшылығымен Атқарушы Комитет жалпылай басшылық етеді. Ал, Тұңғыш Президент Қоры Үкіметтің жобалық кеңсесімен бірге жүзеге асыратын болады.

Бағдарламаға қатысу үшін өтінімдер 15 қаңтардан бастап қабылданады. Іріктеу әрі топтастыру жұмысы 15 наурызға дейін аяқталады. Онымен арнайы тәуелсіз комиссия айналысады. Кандидаттарды бағалауға арнайы халықаралық сарапшылар тартылады. Бағдарламаға қатысуға өтінім жіберу үшін кері байланыс мәліметтері көрсетілген түйіндемені cv@elumiti.kz электрондық мекен-жайына жіберу керек.  

Түсініктеме қалдыру