Жоба туралы ақпарат

Resmihat.kz

Бағыт типі

Құжаттар

Жоқ

Жауапты тұлғалар

Қамысбаева Сұлушаш Иманқұлқызы
"Мемлекеттік тілді дамыту қоры" КҚ жоба менеджері
s.kamisbaeva@bk.ru
Шауеев Азат Садметұлы
"Мемлекеттік тілді дамыту қоры" КҚ директоры
info@qazaq-found.kz

«RESMIHAT.KZ» - іс қағаздарын, ресми құжаттарды мемлекеттік тілде сауатты әзірлеу және еркін жаза білуге үйрететін, дағдыландыратын ақпараттық-анықтамалық портал.

Еңбек қарым-қатынастары, басқару қызметі күрделенген, ақпараттар ағыны ұлғайған қазіргі заманда ресми іс қағаздарының түрлері өте мол. Ұйымдардың, мекемелер мен кәсіпорындардың атқарушылық-басқарушылық қызметімен байланысты өкімдік құжаттар (бұйрық, өкім, қаулы, шешім, нұсқау), жеке құжаттар (өтініш, өмірбаян, түйіндеме және т.б.), ақпараттық-анықтамалық құжаттар (хаттама, анықтама, акт, қызметтік жазбалар және  т.б.), сондай-ақ мекемелер мен ұйымдардың ішкі-сыртқы қарым-қатынастарын ұйымдастырып, реттеп отыратын іскери хат (ілеспехат, ақпараттық хат, шақырухат, жауапхат, нұсқаулық хат) үлгілері сан алуан.

Бұлардың қай-қайсысы да – күнделікті еңбек қарым-қатынасында ұдайы кездесіп отыратын нұсқалар. Әрбір ресми құжат басқару қызметіне қатысты көлемінде заң күшіне ие, сондықтан да олардың нысаны мен құрамы жағынан бірізділігі (унификация) және стандартты болуы талап етіледі. Осыған байланысты әрбір құжаттың міндетті түрде қолданылатын тұрақты, біріздендірілген тәртібі, тұрақты орамдары мен арнаулы терминдері болады. Нысаны мен үлгісі жағынан сауатты жазылған, қажетті мәліметтер толық қамтылған ресми құжаттың заң күші де нақты болады. Сондықтан да ресми тілдің кеңсе іс қағаздары сияқты түрлері де, заң құжаттары да, арнаулы бланкіге толтырылатындары да қазақ тілінің тілдік жүйесін, лексикалық-грамматикалық, орфографиялық нормаларын жетік меңгеруді қажет етеді.

«RESMIHAT.KZ» жобасының басты мақсаты – түрлі құжат мәтіндерін біріздендіруде тілдік құралдарды дұрыс қолдану дағдысын қалыптастыру, іс қағаздарын мемлекеттік тілде сауатты жазуға және толтыра білуге үйрету. Сайт материалдарын жинақтау, жүйелеу барысында ресми іс қағаздар тілінің стандарттылығы, стильдік бейтараптылығы, арнайы терминология мен қалыптасқан клише құрылымдарын пайдалану жиілігі басты назарға алынды.

Сайт пайдаланушыларына:

- іскери хаттардың, ұйымдастырушылық-өкімдік және ақпараттық-анықтамалық құжат үлгілері (танысу және толтыру);

- ресми құжаттардың жекелеген үлгілерін әзірлеуге қажетті дайын шаблондар мен клише тұлғалар жиынтығы (мәтін сөздігі, екітілді тіркесімдер сөздігі);

- грамматикалық тұлғалар мен конструкцияларды игертудегі автоматтандырылған интерактивті әдіс-тәсілдер кешені (жай септеу, тәуелді септеу, шақтық мағына, сандарды сөзбен жазу және т.б.);

- сөздер мен сөз тіркестерінің тіркесімділік ерекшеліктері мен мәтіндік қолданысын игеру мүмкіндігі (сөз таңдау функциясы);

- ғылыми тілдегі сөз қолданыстары;

- сауатты жазу емлелері мен ережелер жиынтығы (орфографиялық нормалар) ұсынылады.

Құжат үлгілерімен танысу, іс қағаздарын әзірленуге дағдылану барысында тұрақты орамдар сөздігі мен екітілді шағын сөздікті мүмкіндігінше тиімді пайдаланған жөн.

Портал үнемі жаңартылып, құжат нұсқаларымен, құжат аудармасына қатысты әдістемелік-анықтамалық нұсқаулармен және ережелермен, өзге де пайдалы материалдармен толықтырылып отыратын болады.

Сайт пайдаланушыларынан пайдалы ды тың ұсыныстар күтеміз.